875

Озық тәжірибелі орталық

ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛІ ОРТАЛЫҚ

Уақыт керуені көшкен сайын сананың жоғарылауы қоғамның жаңаруына, түйсіктің тереңдеуі техниканың жаңғыруына әкелетініне күнделікті куә болып жүрміз. Әр салада өзіндік жаңа терминдердің пайда болуы мен кез-келген заманауи процесстердің күрделенуі медицинаға да тың серпіліс алып келгені белгілі. Жаңа заманғы технологияны меңгеру мен емдеу ісіндегі жауапкершілікке қойылар талаптың тым жоғары болатынын терең сезіну қажет-ақ. Осы бағытта сенім үдесінен шығып, адам жанына араша түсіп келе жатқан тәжірибелі мамандар қатарының артуы көңіл қуантады.

Алаштың алғашқы астанасы атанған Қызылорданың денсаулық сақтау мекемелерін аралау барысында Облыстық қан орталығының жұмысымен таныстық. Ендеше, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі Аяпов Еркебай Ілиясұлы басшылық ететін орталық жайлы әңгіме қозғайық.

Орталықтың негізі 1968 жылы Қызылорда облыстық қан құю стансасы ретінде қаланып, 1995 жылы облыстық қан орталығы болып қайта ұйымдастырылған. Облыстағы медициналық ұйымдардың тапсырыстарын дер кезінде толық орындап, сапалы және қауіпсіз қан өнімдерімен қамтамасыз ететін бұл кәсіпорын бүгінгі таңда заманауи медициналық техникамен толық жабдықталып, бір рет қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етілген. Орталық 54 қан өнімдерінің түрін өндіреді.

Донорлық қанның иммуногематологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандағы С, с, Е, е, Келл, Du-антигендерді анықтау, антиэритроцитарлық антиденелерге скрининг жасалып және оларды идентификациялау, А антигеніне верификация жүргізу де осы орталықтың негізгі міндеті. Бұл зерттеулер заманауи талаптарға сәйкес гельдік технология арқылы жүзеге асырылуда. Орталықта плазма мен тромбоциттерді 100% автоматтандырылған аппараттық плазмацитоферез әдісімен дайындау қолға алынған. Плазманы шұғыл түрде мұздатып, қатыратын қондырғы және көлемі 2,5 тоннаны құрайтын модульды мұздатқыш камера плазманы кеңінен карантиндеуге мүмкіндік берді.

Донор қандарына трансфузиялық инфекцияларға скрининг 100% екі кезеңдік әдіспен жабық типтегі автоматтандырылған талдауыштарда жүргізіледі. Ол үшін орталықта иммунологиялық зерттеулерде иммундық хемилюминесценттік талдау әдісі мен молекулярлы-биологиялық зерттеулерде полимеразды тізбек реакция әдісі қолданылуда. Медициналық ұйымдарға жіберілетін құрамында эритроциттері бар орталар 100% лейкоцитарлық сүзгіден өткізіліп беріледі. Жіберілген жаңа мұздатылған плазманың барлық түрлері екі әдісті қосқанда 100% карантиннен өткізілген және вирустан тазартылған болып табылады. Аймақта Конго-Қырым қан безгегімен ауырған науқастарға иммунды плазманы дайындау жолға қойылған. Осы жетістіктердің бәрі кәсіпорын ұжымының күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асуда. Орталықтағы Р.К.Ермаганбетова, Г.Т.Ахметова, Р.Ж.Дәуітова, Г.О. Ахметова, Л.Ж.Жұмаш, А.О.Бексеитова, Ж.Б. Жұматаева сынды тәжірибелі мамандар Ресей, Израиль, АҚШ, Испания, Үндістан секілді алыс-жақын шет елдерде біліктіліктерін көтеріп, тәжірибе жинақтаған.

Орталықтың 2004 жылдан бергі директоры, Сыр өңірінің тумасы Аяпов Еркебай Ілиясұлы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай аудандық орталық ауруханасында бастап, кейіннен Қызылорда облыстық ауруханасының әдіскер дәрігері, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының кадр секторының жетекшісі, медициналық көмекті ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарған абыройлы азамат. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру және қан қызметі мәселелері бойынша үнемі ізденісте жүретін ол Израиль, Польша, АҚШ, Жапония, Австралия, Ұлыбритания секілді шет елдерде білімін жетілдірген. Жауапты қызметін қоғамдық белсенділігімен ұштастыра білген Еркебай Ілиясұлы бүгінде республикадағы «Қан қызметі журналы» редакциялық кеңесінің мүшесі, «Трансфузиологтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы филиалының жетекшісі ретінде де көпке танымал.

Орталық директорының еселі еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс Хатымен», облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Ресей трансфузиологтар ассоциациясының «Құрмет грамоталарымен», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «Ұлттық медициналық ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Алтын дәрігер» төсбелгісімен және «AVE VITAE» орденімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Семей ядролық полигонының жабылғанының 25 жылдығы» медалімен, «Нұр Отан» партияcының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс Хатымен» марапатталған.

Пайғамбар жасына жақындаса да өмірлік бай тәжірибесін ұлт саулығына арнап келе жатқан Еркебай Ілиясұлының парасат-пайымына біз де риза болып, әр ісіне сәттілік тіледік.

 

Дайындаған

Ержан Жарылқасынұлы

 




 

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov