1 140

ҚАН ТАПСЫРУ – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУ

Сіз өміріңізде қан тапсырып көрдіңіз бе? Егер мұндай игі істі жасаған болсаңыз, онда шынайы сауапқа кенелгеніңіз белгілі. Шындығына келгенде, күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүріп, көп нәрсеге уақыт бөле бермейміз. Ал, қан тапсыру тек туысқандарға көмек керек кезде ғана еске түсетіні жасырын емес. Бірақ, оны тұрақты тапсыру денсаулыққа пайдалы екенін бірі білсе, енді бірі білмейді.

 

Мамандардың айтуынша, біздің өңірде донор болуға деген түсінік әлі де төмен. Өйткені, «Қан мөлшері азайса, кері әсерін тигізеді, онсызда қаным аз» деп ойлайтындар қатары көп. Дегенмен, көпшіліктің пікірі орталыққа келгеннен кейін өзгеретін көрінеді. Себебі, қан тапсыру зиян еместігіне көздері жетеді.
Бүгінде дені сау адам болу – шынайы бақыт. Алайда, қазір көбісі осы бақытты сезіне алмай, аурухана терезесін телміріп, бейтаныс адамдардың көмегін қажет етуде. Қан тапсыру – өзгеге өмір сыйлау. Сондықтан мұқтаж жанға қол ұшын беріп, оны ажалдан аман алып қалу ерлікпен пара-пар.
– Шынын айтқанда, біздің өңірде қазақылық басым. Өйткені, басқа облыстармен салыстырғанда донорлардың деңгейі өте төмен. Жақында жұмыс барысымен Америкаға бардым. Енді ол жақпен әсте салыстыруға келмейді. Арасы жермен көктей. Себебі, бізде донор болған адам «науқастың аты-жөнін айт, сондай адамға шынымен қан керек пе» деп сенімсіздік тудырады. Біздің негізгі міндет аурухана сұратқан қанды жеткізу. Ал, оны халық түсінбей жатады. Кейде үлкен көлемде сыйақы күтетіндері де кездеседі. Десе де, өткен жылға өкпе жоқ. Өйткені, донорлардың саны өсті. Сонымен қатар, бүгінде түрлі іс-шаралар арқылы жастар, мемлекеттік қызмешілер, құқық қорғау саласының мамандары қан тапсыруды дәстүрге айналдыруда. Оның өзі бізді қуантады. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыру үшін мекемелерге хат жазып, елдің санасына түрткі болып, студенттермен кездесу өткізіп, мейлінше оң нәтиже шығаруға күш салудамыз, – дейді қан орталығының донорларды жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі Рыскүл Кенесарықызы.
Америка халқы қан тапсыруды өздерінің азаматтық парызы деп санайды екен. Бұл арқылы жақынын немесе мүл¬дем танымайтын адамдардың өмірін сақтап қалуға болатынын жақсы түсінеді. Сондай-ақ, олар жыл сайын қаңтар айын ұлттық донорлық ай ретінде жариялаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Еуропа елдерінде тұратын 1000 адамның 40-ы, Америкада 60-ы қан тапсырумен белсенді шұғылданады. Ал, біздің өңірдегі қан орталығына жылына 10 мыңнан астам адам келеді. Бірақ, оның ішінде тек 8 мың донордың ғана қаны таза әрі жарамды болып шығады. Дәрігердің айтуынша, оны белсенді тапсыратындар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады. Өйткені, адам бойындағы қан жаңарып, қан айналу процесі жақсарады.
– Бізде келген адам ең алдымен сауалнаманы толтырады. Онда денсаулығына байланысты бірнеше сұрақтар қойылған. Одан кейін, база бойынша тексеруден өтеді. Ол кезде қан тапсыруға бола ма әлде болмай ма сол анықталады. Осылайша міндетті түрде жіті тексеруден өтеді, – деді Р.Кенесарықызы.
Осы орталықтың көмегі арқылы күн сайын қаншама адамның жүрегі қайта соғып, өшкен үміті оянуда. «Жарығың сөнбесін» демекші қысылған жанға қан беріп, тіршілігін тоқтатпау әрбіріміздің парызымыз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/an-tapsyru-zgege-mir-syjlau/
Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov