1 192

ТҰРАҚТЫ ҚАН ТАПСЫРАТЫН ДОНОРЛАР ҰЗАҚ ӨМІР СҮРЕДІ

 

Қызылорда облысы бойынша 6000-ға жуық адам ерікті түрде өтеусіз қан тапсырады.
Қан орталығында күніне орта есеппен 40-60-қа жуық адам аралығында қан тапсырып отырады, олардың басым көпшілігі – өтеусіз қан тапсыратындар. Біздің мақсатымыз – облыс көлемінде өскелең ұрпақтың санасына қан доноры болу қағидатын сіңіру. Себебі қан доноры болу – көптеген адамның өмірін сақтап қалады. Бұл – са­уапты іс. Қызылорда қаласында жоғары мамандандырылған медициналық мекемелердің қан компоненттер тапсырысын уақытылы орындап отырамыз, өйткені күрделі оталар көп жасалады. Соған сай облыста қан компоненттеріне деген сұраныс та жоғары.

Орталықта қан тапсырғандар бiзде қауiпсiз екенiн көрiп, қайта келiп жатады. Донорлардың күш қуаты артып, көңiл күйi жақсарады.

Қан тапсырып тұрудың адам ағзасына пайдасы мол. Қанды белсенді тапсыратын донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады жəне қан кету – олар үшін қауіпті жағдай емес. Қан алынған сайын адам бойындағы қаны жаңарып отырады, қан айналу процесі жақсарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың ал­дын алады. Мысалы, тұрақты қан тапсырып тұратын адамдар тап­сырмайтындарға қарағанда 5 жыл­ға артық өмір сүретіні ғылыми түрде дәлелденген. Ал бір рет қан тапсырған донор орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады.
Әрбір дені сау адам донор бола алады, олар үшін орта есеппен қанның құрамдас бөліктері тромбоциттер мен плазма тапсыру арасы 14 күннен кем болмауы керек, ал толық қан доноры болғанда 60 күнде бір рет тапсырып тұру керек.
Егер сіз кәмелеттік жасқа толсаңыз және денсаулығыңыз жақсы болса, ешбір созылмалы аурулармен ауырмасаңыз ақысыз донор бола аласыз. Ол үшін жеке куәлігіңізді алып, қан орталығына барасыз. Ең бірінші қан тапсырушы донорлық сауалнаманы толтырасыз. Ол сауалнамен бірге қан тапсырушы нені білуі қажет және қан тапсырып болған соң өзіне қандай күтім жасауы керектігі туралы қазақша-орысша мәліметтер жинақталған ақпараттық парақ беріледі. Онда әр сұраққа шынайы жауап беруіңіз қажет.
Келесі қадам – тіркеу бөлімі. Ол жерде тіркелгеннен соң, лабораторияға барасыз. Мұнда сіздің қан тобыңызды және резус-факторды, гемоглобин деңгейі мен келл антигенді анықтайды. Бұған 3-5 минут уақытыңыз кетеді. Сонан соң сізді терапевт толықтай тексеруден өткізеді де қандай аурумен ауырғаныңыз туралы, отбасында тұқымқуалаушылық ауру бар-жоғы жөнінде, қан тапсырудағы мақсатыңызды сұрап әңгіме жүргізеді. Егер жарамды болсаңыз, қан тапсыруға жібереді. Қан тапсыру 10 минут уақытыңызды алады. Алынған қан құрамы трансфузиологиялық инфекциялар бөлімінде мұқият тексеріледі. Бас-аяғы 40 минут ішінде қан тапсырып шығасыз.

Қан доноры болған адамға заң жүзінде еңбекақысы сақталатын екі күндік демалыс беріледі. Бұған қоса, қан тапсырған әрбір азамат тек донор болып қана қоймай, өзінде қандай аурулар барын біле алады. Бұлай дейтініміз, қан тапсыруға келген адам бірінші тиянақты тексеруден өтеді, яғни оның қанының құрамын анықтап аламыз. Тестілеу сараптамасында гепатит С, В, АИТВ және мерез, тағы басқа да инфекцияларды анықтау қарастырылған. Әрине, мұның барлығы тегін жүргізіледі. Егер қан тапсырушы адамның денсаулығынан қандай да бір кәнарат табылса, онда трансфузиолог-дәрігер оған кеңес беріп, қандай маманға қаралу керектігі туралы түсіндіреді.

Қан тапсырар алдында сақтануы керек:

· қан тапсырардан бір күн бұрын кешке қуырылған, майлы, ащы, қақталған тағамдар, сүт өнімдері, май, жұмыртқа, жаңғақ, қызылша және банан жеуге;

· процедураға 2 күн (48 сағат) қалғанда алкоголь өнімдерін пайдалануға;

· қан тапсырудан 3 күн бұрын (72 сағат) анальгетик, аспирин және құрамында осы дәрілер бар заттар қабылдауға(бұлар қанның ұюына әсер етеді);

· 1 сағат бұрын темекі тартуға;

· бас ауыру, әлсіздік, бас айналу секілді өзін нашар сезінетін жағдайда қан тапсыруға;

· ашқарынға қан тапсыруға болмайды. Қан тапсыратын күні таңертең майсыз, қайнатылған ботқа, құрғақ печенье жеу және көп мөлшерде су ішкен дұрыс.

Қазіргі уақытта қанның сапасына талдау жасау өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Сондықтан күмәнданбауыңызға болады. Басты мақсат – қызметіміздің сапасына халықаралық деңгейде сенімді болу. Себебі қанның қауіпсіздігі мен сапасы – донор қанға мұқтаж болып отырған әрбір пациенттің өмірі. Сондықтан қан компоненттерінің қауіпсіздігіне толығымен сенуге болады деп нақты айта аламыз.

 

 

 


 

Қан компоненттерімен қамтамасыз етуде тәуекелге баруға болмайды. Себебі біз мұқтаж адамға қауіпті жұқпасы бар қан құйсақ, оның денсаулығына, тіпті өміріне де қатер төндіреміз. Ал жастайынан туберкулезбен, гепатитпен ауырғандар қан доноры бола алмайды. Бұрын ауырғандар да вирусты тасымалдағыш болып саналады. Егер қан құрамында вирустың бары анықталған жағдайда, алынған қан жарамсыз болып есептеледі. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе, бронх демікпесі, басқа да сырқаты бар адамдарға қан доноры болу – қауіпті.

Егер бір рет қан тапсырсаңыз бір, я, екі адамның өміріне араша бола аласыз. Ал тұрақты донорға айналсаңыз, жүздеген жанның өмірін сақтап қалуға себепші болып, сауабына қаласыз. Облыс көлемінде мың жерден донор болғысы келсе де, денсаулығы жарамайтындар бар. Олардың қасында қан тапсыра алатындар бақытты.

Қан тапсыру — сауапты iс. Қызылорда қан орталығы қала тұрғындарын сауапты іске ортақтасуға шақырады.

Қызылорда облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі: Р.К.Ермаганбетова

 


 

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov