831

ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУДЫ МАҚСАТ ЕТКЕН


 

Адам қандай мамандық иесі болмасын өз ісінің шеберіне айналса жоғары жетістіктерге жетері анық. Ал нәтижелі жұмыс адамды қашанда бақытқа бөлейді, абыройға кенелтеді. Абырой биігінен көрініп жүрген жанның бірі - Қызылорда облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Кеңесарықызы Ермағанбетова. Ол өз ісіне жауапкершілікпен, адалдықпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жұмысын тиянақты атқаратын маман иесі. Ұжымда беделді әрі сыйлы әріптес.

Рыскүл Кеңесарықызы 1960 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мектепті жаңа бітірген жас түлек дәрігерлік мамандықты таңдап, 1979 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының даярлау бөліміне оқуға түседі. 1986 жылы терапевт мамандығына ие болған ол оқуды бітірісімен туған жері Қызылордаға келіп, облыстық аурухананың терапия бөлімінде бір жылдық интернатурадан өтеді.

Өз еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда қаласындағы облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімінде дәрігер трансфузиолог маманы болып бастаған Рыскүл Ермағанбетова күні бүгінге дейін сол орталықта қызмет етуде. 1987 жылы бөлім меңгерушісі атанған ол 1992 жылға дейін облыстық қан орталығы кәсіподақ ұйымының төрайымы, ал 1988 жыл мен 1990 жылдар аралығында қосымша жұмыс ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты медициналық санитарлық бөлімшесінің басшысы қызметтерін атқарды. Жұмысына қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен белсене кіріскен жас маман орталықта алғаш рет антистафилакокктық плазманы ақылы донорлық плазмаферез әдісімен, криопреципитатты дайындауды, ақылы, ақысыз донорлық плазмаферез, аутодонорство әдісін және донорлық қанды гемакон ыдысында дайындауды енгізген болатын. Халық арасында донорлықты насихаттауда, ұйымдастыруда Рыскүл Кеңесарықызының еңбегі зор. Ол Қызылорда облысы бойынша гемопоэзді тіндік жасушалары донорларының санын көбейтуде белсенді жұмыс жасауда. Жылдан жылға өтеусіз ерікті донорлар саны мен тапсырылған қан көлемінің өсуіне, көшпелі жағдайда қан дайындау көлемінің ұлғаюына мол үлес қосып келеді.

Қан қызметінің даму тарихы 1938 жылдан бастау алады. Сол жылы Будапешт дәрігері Бернард Фантус ұйытынды мен жасушалық агрегаттарды бөлу үшін қанды сүзгіден өткізу (филтрлеу) әдісін алғаш рет пайдаланған. 1940 жылы америкалық дәрігер-иммунолог Карл Ландштейнер әріптестері А.Винер және Ф.Левинмен қанның резус жүйелерін сипаттады.1938 жылы алғаш рет қан құю тәсілін енгізгеннен бастап 1941 жылға дейін Қызылорда қалалық ауруханада штаттан тыс қан құю бөлімшесі жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қызылорда облысына көшірілген Қырым медициналық институтының базасында 497 орындық госпитал ашылған. Әскери және фронттық қан құю станциялары әскери операция алдында 200-300 литр көлеміне дейін қан жинап, тылда дайындалған консервіленген қанмен далалық госпиталдарындағы қан құю станциялары мен институттарын қамтамасыз еткен. Негізінде, қанды құю әдісін жетілдіруге, жалпы қан қызметін ұйымдастыруға Екінші дүниежүзілік соғыс үлкен әсер етті деуге болады. 1945 жылы Қырым медициналық институты көшкеннен кейін де облыста штаттан тыс қан құю бөлімшесі жұмыс істеп тұрды. Тек 1952 жылдың 12 мамырында облыстық ауруханада штаттық қан құю бөлімшесі ашылып, оның меңгерушісі хирург дәрігер Фатима Галиевна Ишмеева болған. Ол уақытта Қызылорда қаласында небәрі 45 мың адам тұрған екен.

1968 жылы Қызылорда облыстық қан құю станциясы ашылып, оның алғашқы бас дәрігері болып Аманкелді Жадырасынов тағайындалған. Кейін 1970-1974 жылдары Естаев Қаражан Шаханұлы, 1974-1976 жылдары Сахабаев Файзулла, 1976-1986 жылдары қайтадан Естаев Қаражан Шаханұлы, 1986-2004 жылдары Жүнісов Құралбай Қадырбекұлы, 2004-2014 жылдары Аяпов Еркебай Ілиясұлы басқарды. Ал 2014 жылдан бастап облыстық қан орталығының директоры болып Игембаев Серік Қуандыкұлы тағайындалды.

1971-1975 жылдар аралығында барлық орталық жәнеаудандық ауруханаларда қан құю бөлімшелері ашылып, 1974 жылы облыстық емдеу алдын-алу ұйымдарында қанның орнын басар сұйықтар қолданыла бастады. ҚР Министрлер кабинетінің 28.10.1994 жылғы №1211 «Қазақстан Республикасында қан құю қызметі мекемелерінің атауын өзгерту туралы» қаулысына сәйкес, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 1995 жылдың 1 ақпанындағы №36 бұйрығымен облыстық қан құю станциясы облыстық қан орталығы болып аталды.

2001 жылы 28 наурызда қан орталығы ғимаратының апаттық жағдайда болуына байланысты ол облыстық медициналық орталықтың 1-қабатындағы қан құю бөлімшесіне көшірілді. Дайындалған қан өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында 2008 жылдан бастап сапаны бақылау бөлімшесі ашылды.

Қан орталығына жартылай автоматты және автоматтандырылған ИФТ, жалпы ақуыз және ақуыз фракцияларын анықтауға арналған талдауыш, гемоглобинометрлер, автоматтандырылған гематологиялық талдауыш, қан компоненттерінің экстракторы, тромбоциттерді сақтауға арналған жүйе, қанды компоненттерге бөлуге арналған рефрижираторлық центрифугалар, донорлық креслолар, қан өнімдерін, дәрілік заттарды сақтауға арналған мамандандырылған тоңазытқыштар мен мұздатқыштар, автоматты қан араластырғыш таразылар, пластикалық түтіктерді стерильді дәнекерлеу аспабы және басқа да көптеген медициналық құрал-жабдықтар алынды.

2013 жылы «Инфодонор» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе облыстық қан орталығының жұмыс барысында донорды іріктеуде, зертханалық зерттеулерде, қан дайындау барысында, сақтауда, есептеуде, медициналық ұйымдарға қан өнімдерін жіберуде және т.б. кезеңдерінде толық автоматтандырылған жүйемен басқаруға мүмкіндік береді. Толық автоматтандырылған жүйеге көшудің өзі,шығарылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тағы бір шарасы болып табылады.

Қан - адамның өзге адамға бере алатын ең қымбат сыйы. «Донор» сөзі латын тілінің donare - сыйлау сөзінен шыққан. Сондықтан, донор болған адам өзгеге өмір сыйлайды. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген Рыскүл Кенесарықызы 2001 және 2008 жылдары Ресей Федерациясында, 2006 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында (АГИУВ) және 2012 жылы Астана қаласы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында трансфузиология мамандығы бойынша, 2015 жылы мамыр айында Америка Құрама Штатында, Оклахома қаласы ғылыми орталығында трансфузиология мамандығы бойынша білімін жетілдірген. 2001 жылдан бастап жоғарғы санатты дәрігер трансфузиолог.

Өз еңбегінің арқасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше Құрмет грамотасымен, 2002 жылы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, 2013 жылы «Еңбектегі ықпалдылығы үшін» төсбелгісімен, 2016 жылы «Алтын дәрігер» төсбелгісімен, 2017 жылы «Евразиялық мемлекеттер одағының құрметті азаматы» төсбелгісімен және желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың атынан Құрмет грамотасымен марапатталған.

- Рыскүл Кеңесарықызы Ермағанбетова жоғарғы оқу орнын бітіргеннен бері қан қызметі саласында еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда өз ісінің білікті маманы, жоғары санаттағы дәрігер-трансфузиолог. Әрдайым өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, ізденіс үстінде жүреді. Ресейде, АҚШ-да білімін жетілдіріп, облыстық қан орталығына бірқатар жаңалықтар енгізді. Өзінің көпжылдық тәжірибесін медицина басылымдарына жариялап, республика көлеміндегі әріптестерімен бөлісіп отырады. Өзінен кейінгі ізбасарларын үйретуден жалықпайды. Облыс медицина қауымының арасында ойып алар өзіндік орны бар және донорлар арасында да құрметке ие. Тұрғындар арасында донорлықты дамыту мақсатында қоғамдық бірлестіктермен біріге отырып, оқу орындарында, мекемелерде, ұйымдарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл өмірдің бұлтарысы көп бұралаң ұзақ жолында таңдаған мамандығының қыры мен сырын шебер меңгеріп, қалтқысыз бір орында, бір салада, бір қызметте тапжылмай еңбек етуде. Үлкенге ілтипат танытып, кішіге қамқор, қатарластарына дос бола білген ізгі жүректі жан. Еңбекте беделді маман. Бүгінгі таңда ақ халатты абзал жан халықтың ақ батасын алып алғысқа, ел ықыласына бөлен-гендердің бірі, - дейді ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Аяпов Еркебай Ілиясұлы.

Ал орталықтың бас есепшісі Каюпова Макка Ауеловна әріптесіне өлең жолдарын арнайды:

 

- Құтты болсын сіздің туған күніңіз,

Қуанамыз өзіңізбен бүгін біз.

Әріптеске үлгі болар тұлғасыз,

Ізгілікке толы болсын күніңіз.

Алғы күннен күтер әркім жақсы үміт,

Келе берсін сізге ылғи бақ күліп.

Шаттықпенен көріп таңның арайын,

Жаратушы төксін ылғи жақсылық.

Мерекелі құтты болсын жасыңыз,

Еңбегіңіз еселеніп, асулардан асыңыз.

Әлі талай қызықтарға кенеліп,

Амандықпен атсын әрбір таңыңыз.

 

Еңбек түбі - береке. Биыл Ермағанбетова Рыскүл Кенесарықызының Қызылорда облыстық қан орталығында қызмет атқарғанына 31 жыл толады. Осыған орай екінші отбасына айналған ұжым қызметкерлері Рыскүл Кеңесарықызын шын жүректен құттықтап, өмірдегі бар жақсылықты тілейді.

 

Материалды дайындап, өңдеген: Гүлдана АСАНОВА

 

«Сыр медицинасы»
Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov