2 033

Сіз өз қан тобыңызды білесіз бе?

Әрбір адам өзін сипаттай отырып  бойын, салмағын, шашы мен көзінің түсін жылдам және анық айта алады, бірақ көптеген адамдар өздерінің қан тобы туралы сұраққа келгенде тығырыққа тіреледі. Өкінішке орай , көпшілігі өздерінің қан тобы қандай екенін білмей жатады. Ал оны біліп жүрудің артықшылығы болмаса кемшілігі жоқ. Тіпті кейбір балалар өз қан тобын білуге қызығушылық танытып ата-аналарынан сұрап жатады. Балалары тұрмақ өз қан топтарын білмейтін  кейбір ата-аналар  бұл сұраққа жауап бере алмай жатады. 
Қан тобын білу әскери қызметкерлерге міндетті деп саналып, анықталған қан тобы киімдеріне мөрмен басылады. Тек  әскери қызметкерлерге ғана емес, жалпы баршамызға, әсіресе, төтенше жағдайлар,құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тау-кен , газ-мұнай өндірісі салаларының қызметкерлеріне және медицина қызметкерлеріне қан тобын біліп жүрген абзал. 
Апат айтып келмесі анық. Өмір болғасын адамзат баласы кезкелген нәрсеге дайын болғаны дұрыс. Кейде өмірде қан құюды қажет ететін жағдайлар орын алып жатады. Егер сіз қан тобыңызды білсеңіз уақытты біршама үнемдейсіз. Себебі, біріншіден сіздің қан тобыңызды анықтау керек, сосын  оған сәйкес донор қанын табу керек. Қан тобын білудің тағы бір артықшылығы, кейде  жақындарыңыз (құдай сақтасын әрине) Сіздің көмегіңізге мұқтаж болуы мүмкін. Ал сіз қан тобыңызды біліп тұрсаңыз қан тобын анықтауға уақыт жұмсамай шұғыл көмек көрсетуге болады. Сондықтан Сіз біреудің немесе Сіздің өміріңізді әлде біреу құтқаруы әбден мүмкін.
Қан тобы мен резус тәуелділігін біліп жүрудің болашақ ата-аналар үшін де маңызы зор. Себебі дені сау баланың дүние есігін ашуы–жаңа құрған отбасы үшін де, ата-ана үшін де үлкен қуаныш. Егер ана мен бала қаны  сәйкес келмесе иммундық асқыну туындайды. Иммундық асқыну ерте белгілі болып жатса, алдын алу шаралары да дер кезінде жүргізіледі. Сондықтан отбасын жоспарлаған  болашақ ата-аналардың отбасылық өмірде қан тобын білудің  өзіндік орнын ұмытпағандары жөн.
Кейбір адамдар медициналық тұрғыдан түсіне бермесе де өз қан тобын білгеннен кейін өз қанының анасына немесе әкесіне ұқсайтынын айтып жатады. Қан тобы ата-анасынан баласына беріліп отыратын генетикалық белгі болып табылады және ол өмір бойы ешқашан өзгермейді. Яғни әркімнің өзіне тән қан тобы бар. Көпшілігі өздерінің қан тобын білуге қызығушылық танытқанымен оған уақыт бөлуге мүмкіндіктері болмай жатады не болмаса қайда және кімнің тиімді көмегіне жүгінерін білмей жатады. Өз қан тобын білемін деушілерге облыстық қан орталығы көмек көрсете алады.
Облыстық қан орталығында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету басты назарға алынған. Арнайы медициналық құрал-жабдықтармен, барлық талаптарға сай жабдықталған қан тобын анықтайтын зертханаларда  адамдардың өздерін қауіпсіз және өздеріне сенімді сезінуіне барлық жағдай жасалған. Қан тобын анықтау үлкен жауапкершілікті талап ететін болғандықтан Сізге ол жерде білікті мамандар көмек көрсетеді. Қарқынды дамып келе жатқан медицина жетістіктерінің арқасында Сіздің аз уақыт ішінде қан тобыңызды білуге мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ Сіздің қолыңызға өз қан тобыңыз туралы куәлік беріледі. Ол куәлікті Сіз төлқұжатыңызбен бірге өмір бойы жаныңызда алып жүре аласыз. 
Ендеше қарап тұрмай өз қан тобыңызды білуге асығыңыз!  

Сурет bestinworld.ru сайтынан алынды

Гүлзат Тұрсынбекқызы АХМЕТОВА, 
изоиммунологиялық және клинико-биохимиялық зертханасының меңгерушісі




Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov