5 448

ПЦР диагностика

Полимеразды тізбекті реакцияны ең алғаш 1983 жылы американдық ғалым К.Мюллис ашқан және ол осы ашқан жаңалығы үшін Нобель сыйлығына ие болған. Себебі ПТР мүмкін еместі мүмкін етті. ПТР диагностика көптеген ауруларды анықтау үшін қазіргі заманға сай жылдам және нақты әдіс болып табылады. ПТР диагностика жұқпалы аурулар қоздырғышын басқа әдістермен (иммунологиялық, бактериологиялық, микроскопиялық) анықтау мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Қазіргі таңда ПТР-ны археология, сот медициналық сараптамасында, генетикада әкесін анықтауда, әсіресе, жұқпалы аурулар қоздырғышын анықтауда кеңінен қолданады. 
ПТР диагностика 3 негізгі процедурадан тұрады: зерттелетін материалды дайындау, бұл кезде қоздырғыш ДНК-н немесе РНК-н бөліп алу процесі жүреді, полимеразды тізбектік реакцияның өзінен  және ПТР өнімін бөліп алу (детекция).
Бұл кезде қоздырғыштың генетикалық материалы ДНК-полимераза ферментінің әсерінен бірнеше рет көбейіп, ДНК фрагменттерінің көшірмелері тіркеледі. Бұл ПТР диагностика кезінде тіпті бактерия немесе вирустардың бірен-саран жасушаларын немесе кейбір қиын жағдайларда, мысалы, антигендік өзгергіштігі өте жоғары немесе жасуша ішінде тіршілік ететін қоздырғыштар да анықталады.
Зерттеу ұзақ уақытты қажет етпейді. Қазіргі жаңа технологияның дамыған кезеңінде қоздырғышты бөліп алу және өсіру, одан нуклеин қышқылын бөліп алу үрдістері толығымен стандартталған және автоматтандырылған. Әдістің автоматизациялығы қолмен жүргізілетін зерттеу кезінде кездесетін мүмкін қателіктерді азайтады. Нәтиже бірнеше сағаттың ішінде алынуы мүмкін.
ПТР-диагностика сонымен қатар әмбебап әдіс, себебі бөтен ДНК-ны әр түрлі биологиялық материалдардан – шырыш, зәр, қан, қақырық, эпителиалді жасушалар қырындысынан анықтауға мүмкіндік береді. ПТР диагностика жыныстық жолмен таралатын аурулар, әсіресе, жасырын немесе созылмалы –хламидиоз, уреплазмоз, гонорея, гарднереллез, микоплазматикалық инфекцияларды анықтауда кеңінен орын алған. Себебі, аталған аурулардың қоздырғыштарын зертхана жағдайында қарапайым жолмен өсіріп бөліп алу өте қиын және серологиялық реакцияларда антиденелер аз анықталады. 
Сондай-ақ, ПТР диагностиканың көмегімен папиллома вирусын, вирусты гепатиттерді және АҚТҚ вирусын анықтауға болады.
ПТР диагностика сонымен қатар генетикалық дактилоскопия, пренаталдық диагностика және т.б. жүргізуге зор мүмкіндік береді.

Сурет avicennamed.ru сайтынан алынды
 
А.О.Бексеитова,
 облыстық қан орталығының
инфекцияларды диагностикалау зертханасының 
зертхана маманы  

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov