2 070
Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық қан орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Ұлы отан соғысы жылдары (1941-1945ж.ж.) Қызылорда облысына көшірілген Қырым медициналық институтының базасында 497 орынға аурухана ашылды. 1943 жылы осы ауруханада 134 науқасқа 44,2 л қан құйылған. Қырым медициналық институты көшкеннен кейін облыстық ауруханада 1952 жылға дейін айына 10 литр қан дайындайтын штаттан тыс қан құю бөлімшесі жұмыс істеп тұрды.
1952 жылдың 12 мамырында облыстық ауруханада штаттық қан құю бөлімшесі ашылып, оған меңгерушісі болып хирург дәрігері Ишмеева Фатима Галиевна тағайындалды. Ол уақытта Қызылорда қаласының тұрғындарының саны небәрі 45 000 адам болған.
Қан құю бөлімшесіндеде:
1. Бөлімше меңгерушісі – 1,0 бірлік;
2. Операциялық мейірбике – 1,5 бірлік;
3. Тазалықшы -1,5 бірлікте қызмет атқарған.
Сол кездерде қан құю бөлімшесінде тоңазытқыш болмаған. Сол себептен дайындалған қан бірден науқастарға құйылып отырған.
Мәліметтер бойынша өңірде алғашқы рет науқасқа қан құйған хирург дәрігері Идрисов Акрам Салимович болған.
1953 жылы тоңазтқыш алынғаннан кейін, консервленген қан қорға дайыналатын болды.
Алғашқы рет резус-тәуелдікті анықтау 1955 жылдан басталды.
1966 жылы қан құю бөлімшесіне көшпелі жағдайда қан дайындайтын арнайы жабдықталған Чехословакиялық арнайы автобус берілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 1968 жылдың 1 қаңтарындағы №2 бұйрығына сәйкес облыстық аурухананың қан құю бөлімшесінің базасында жоспары айына 100 литр қан дайындайтын облыстық қан құю станциясы ашылды.
Облыстық қан құю станциясының алғашқы бас дәрігері болып Аманкелді Жадырасынов тағайындалды. Кейінгі 1970-1974 жылдары Естаев Қаражан Шаханұлы, 1974-1976 жылдары Сахабаев Файзулла, 1976-1986 жылдары қайтадан Естаев Қаражан Шаханұлы, 1986-2004 жылдары Жүнісов Құралбай Қадырбекұлы басқарды. 2004 жылдың сәуір айынан бастап облыстық қан орталығын Аяпов Еркебай Ілиясұлы басқарып келеді.
1971 жыл мен 1975 жылдар аралығында барлық аудандық, орталық ауруханаларда қан құю бөлімшелері ашылды.
1974 жылы облыс емдеу алдын-алу ұйымдарында қанның орнын басар сұйықтар қолданыла бастады.
1975 жылдың маусым айынан бастап зертхана меңгерушісі Токанова Б.Т. қан тобын анықтау үшін гемагглютинирлеуші сарысулары дайындау, ал қараша айынан бастап қандағы австралиялық антиген маркерін анықтау тәсілін енгізді.
1989 жылы облыста алғаш рет қанды пластикалық ыдыстарда (гемакон) дайындау және плазманы плазмаферез әдісімен әзірлеуді терапевт дәрігері Ермағанбетова Рыскүл Кенесарықызы жүзеге асырды. 1990 жылы плазмаферез тәсілімен стафилококқа қарсы плазма дайындала бастады.
1991 жылы облыстық қан стансасында 4 дәрігер қызмет атқарды, сол жылы 2474,0 литр консервіленген қан дайындады. Облыстағы 9 қан құю бөлімшелерінде 1543,3 литр қан дайындалды. Осы жылы облыс бойынша науқастарға 489,7 литр консервіленген қан құйылды, ол барлық дайындалған қанның 12,2% құрады, оған қоса 625,8 литр эритроциттік масса және 663,1 литр плазма құйылған. 1000 тұрғынға шаққандағы қан қызметінің негізгі көрсеткіштері: донорлар – 14,5, донация 15,5, дайындалған қан мөлшері 6,0 құрады. Осы көрсеткіштер облыстық қан құю стансасы бойынша сәйкесінше 33,5; 36,9 және 15,5 құрады.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 28.10.1994 жылғы №1211 «Қазақстан Республикасында қан құю қызметі мекемелерінің атауын өзгерту туралы» қаулысына сәйкес, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 1995 жылдың 1 ақпанындағы №36 бұйрығымен облыстық қан құю станциясы облыстық қан орталығы болып аталды.
2001 жылы 28 наурызда қан орталығы ғимараттың авариялық жағдайда болуына байланысты облыстық қан орталығы облыстық медициналық орталықтың 1 қабатындағы қан құю бөлімшесіне көшірілді.
2004 жылы облыстық қан орталығының бюджеті небәрі 18 949 млн тенге құраған. Мамандандырылған жабдықтардан бір «Sanyo» мұздатқыш, екі РС-6 және Польшада өндірілген MPW-6К15 центрифугалар болды. Донор қандарына гемотрансмиссивтік инфекцияны анықтау үшін скрининг Ресейде өндірілген «Униплан» ИФТ жасалынған. Оныңда вошері және термостаты болған жоқ. Осы жылдары орталықта 7 түрлі қан компоненттері өндірілді.
Республикада сәйкесінше Қызылорда облысында қан қызметінің дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы №1251 «Қазақстан Республикасында қан қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» қаулысының шыққаннан кейін басталды. Осы қаулыға сәйкес жоғары технологиялық және материалды қажетсінетін процестер орталықтандыра басталды. 4 ауданда қан құю бөлімшелері жабылып, трансфузиология кабинеті болып қайта құрылды. Донорлық қанға гемотрансмиссивтік инфекцияларға скрининг қан орталығының ИФТ зертханасында жүргізілетін болды. Осы жылдары облыстық қан орталығы заманауи медициналық техникамен жабдықталып, бір рет қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіліп, сапалы және қауіпсіз қан өнімдерін дайындауға қол жеткізді.
Көшпелі жағдайда қан дайындауға арналған УАЗ автокөлігі модуль автотіркемесімен және ЛИАЗ автобусы пайдалануға беріліп көшпелі жағдайда қан дайындау мүмкіндігі арта түсті. Емдеу-алдын алу ұйымдарының тапсырыстарын толық орындауға жол ашты..
Донорлық қанның иммуногематологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қанда С, с, Е, е, Келл, Du антигендерін анықтау, антиэритроцитарлық антиденелерге скрининг жасау және оларды идентификациялау, А антигеніне верификация жүргізу енгізілді.
Осы зерттеулер заманауи талаптарға сәйкес гельдік технология арқылы жүзеге асырылуда.
Орталықта плазманы автоматтандырылған аппараттық плазмаферез, эритроциттер мен тромбоциттерді аппараттық плазмацитоферез әдісімен дайындау енгізілді.
Плазманы тез арада мұздатып қатыратын қондырғы алынды. Көлемі 2,5 тонна құрайтын модульды мұздатқыш камераның іске қосылуы, плазманы кеңінен карантиндеуге мүмкіндік берді.
Дайындалған қан өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында 2008 жылдан бастап сапаны бақылау бөлімшесі ашылды.
Қан орталығына жартылайавтоматты және автоматтандырылған ИФТ, жалпы ақуыз және ақуыз фракцияларын анықтауға арналған талдауыш, гемоглобинометрлер, автоматтандырылған гематологиялық талдауыш, қан компоненттерінің экстракторы, тромбоциттерді сақтауға арналған жүйе, қанды компоненттерге бөлуге арналған рефрижираторлық центрифугалар, донорлық креслолар, қан өнімдерін, дәрілік заттарды сақтауға арналған мамандандырылған тоңазытқыштар мен мұздатқыштар, автоматты қан араластырғыш таразылар, пластикалық түтіктерді стерильді дәнекерлеу аспабы және басқада көптеген медициналық құрал-жабдықтар алынды.
2011 жылдың сәуір айынан бастап қан компоненттерінің инфекциялық қауіпсіздігін арттыру үшін инфекциялық процесс ағымының серонегативтік кезенінде қоздырғышты ертерек анықталу үшін ПТР (полимеразды тізбектік реакция) анализаторын іске қосылып, донор қандарын В гепатиті антигеніне, С гепатиті антиденелеріне, АИТВ-1,2-ге зерттеуді өндіріске енгізілді.
2012 жылдың қаңтар айынан бастап донорлық қан компоненттері мен препараттарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында гемотрансфузиялық инфекциялардың екі кезеңдік скринингін ИФТ-ПТР әдісімен, жабық типті автоматтандырылған анализаторларда жүргізу енгізіліп, қан тапсырған донорлардың 100% осы тексерумен қамтылды.
Қан компоненттерінің инфекциялық қауіпсіздігін арттыру мақсатында вирустантазартылған жаңамұздатылған плазма, лейкофильтрленген вирустантазартылған тромбоциттер және лейкофильтрленген эритроциті бар ортаны дайындау енгізілді.
2013 жылы «Инфодонор» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осы жүйе облыстық қан орталығының жұмыс барысында донорды іріктеуде, зертханалық зерттеулерде, қан дайындау барысында, сақтауда, есептеуде, медициналық ұйымдарға қан өнімдерін жіберуде және т.б. кезеңдерінде толық автоматтандырылған жүйемен басқаруға мүмкіндік беруде. Толық автоматтандырылған жүйеге көшудің өзі, шығарылатын өнімнің сапасын мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тағы бір шарасы болды.
Қазіргі таңда облыстық қан орталығы облысымызда орналасқан емдеу-алдын алу ұйымдарындағы 19 трансфузиялық кабинеттерді 35 түрлі сапалы және қауіпсіз қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етуде. Емдеу-алдын алу ұйымдарына жіберіліп жатқан өнімдердің атап айтсақ, эритроциттік құрамдас орталар 100% лейкосүзгіден өткізіліп, жаңа мұздатылған плазма 80% карантинделген және 20% вирустантазартылған, сонымен қатар тромбоциттер 100% лейкосүзгіден және вирустантазартылып жіберілуде.
Номенклатураға сәйкес қан және оның компоненттерін өндіру мақсатында алдағы уақытта жаңа қан орталығын салу жоспарлануда. Соңғы жылдарға қарағанда қазіргі таңда облыстық қан орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл бізге халықаралық стандартқа сәйкес сапалы және қауіпсіз қан және оның компоненттерін өндіру көрсеткішін жылдан-жылға артуына септігін тигізуде.
Өмір мен өлім арасындағы күресте, науқасқа құйылған бір тамшы сапалы қан шешуші кілт екенін облыстық қан орталығының қызметкерлері естен шығармайды.