1 201

Бір адамның өмірін құтқару үшін кемінде 10 адам қан тапсыруы керек - Ш.Мұсабекова (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында «Бір тамшы қан бір адамның өмірін құтқарады» атты акция басталды. Шараның басты мақсаты - өз еркімен қан тапсырып, донор болатын адамдардың қатарын көбейту.

«Бүгін «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бір тамшы қан бір адамның өмірін құтқара алады» атты акция басталды. Осы Қан орталығында (трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында) жылына 45 мың донор қан тапсырады. Күніне үш мың литр қан дайындаймыз. Біз елордадағы 23 клиниканы донор қанымен қамтамасыз етіп отырмыз», - дейді орталық директорының медициналық жұмыстар жөнiндегi орынбасары Шайжамал Мұсабекова.

Дәрігердің айтуынша, қан кетіп, өмір мен өлім арасында жатқан бір әйел адамды құтқару үшін кемінде 10 адам қан тапсыруы керек.

«Орталыққа келіп, ерікті түрде қан тапсыратын донорларға айтар алғысымыз шексіз. Расымен, бір адам келіп, бір тамшы қан тапсырса да, хал үстінде жатқан адамның өмірін құтқаруға болады деген бір үміт пайда болады. Мысалы, онкогематология орталығы эритроциттер мен плазманы (қан түйіршіктері) қоспағанда, тромбоциттердің 5 дозасына мұқтаж. Осы орталықтағы адамның халі нашарлап қан кетсе, кемінде бір литр плазма керек болады. Яғни, кемінде бес адам донор болуы керек. Ал, әртүрлі жағдайда, мысалы, босанып болмаса, жарақаттанып, қан кеткен әйел адамды аман алып қалу үшін кемінде 10 адам қан тапсыруы керек. Яғни, донордың көмегі күн сайын ауадай қажет»,-дейдіШ.Мұсабекова.
Кез келген донордың қанында жарамдылық мерзімі болады, сондықтан, Ш.Мұсабаева донорларға, әсіресе, жастарға бір тапсырғанда 450 мл қан тапсыруға болады деп кеңес беріп отыр. Біріншіден, қан ескіріп кетпейді, екіншіден, бұл мөлшер денсаулыққа мүлде зиян емес екен.
Ал, бүгінгі акция аясында шамамен жүз адамнан артық донор қан тапсырылады деп жоспарланды. Тіпті, жәй күндердің өзінде 100-120 адам қан тапсырып кетеді екен. Оның үстіне, Қан орталығының мамандары аптасына төрт рет кәсіпорындар мен кеңселерге барып, ерікті донорлардан қан жинап кетеді. Міне, Қан орталығы неше түрлі дертке шалдыққан адамдардың өмірін құтқару үшін осылай да донорлардан қан жинайды.





http://inform.kz/kaz/article/2867661


Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov