1 103

Біліктілікті анықтау неге ақылы?

Астана. Baq.kz – Өткен аптада бірқатар басылымдар әлеуметтік желі қолданушыларының мәліметіне сүйене отырып, медициналық қызметкерлер жұмысқа рұқсат алу үшін 25 мың теңгеге дейін ақы төлеуі тиіс деген ақпарат таратқан болатын.

Алайда бұл ақпаратты Денсаулық сақтауды дамыту орталығының өкілдері жоққа шығарып, әңгіме сертификат алу үшін қажетті бағалау шарасына төленетін 2950 теңге туралы екендігін мәлімдеген еді. Ал 13 мың мен 25 мың теңге аралығындағы категория алу шарасы ерікті жүргізіліп, бұл үшін медицина қызметкерлеріне ай сайын үстемақы төленеді екен. Дегенмен, бағалау шарасының ақылы жүргізілуіне көңіл толмағандар да табылып, өз наразылықтарын әлеуметтік парақшаларында білдіріп жатты. Осыған орай, біз аталған мәселе бойынша еліміздегі көптеген медициналық мекемелердің басын қосып отырған Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Тоқтамысұлы Омаровпен сұхбаттасқан едік.

– Қадыр Тоқтамысұлы, дәрігерлер мен мейіргерлерді сертификаттау не үшін қажет? Жекелеген дәрігерлер әлеуметтік желіде «онсыз да жалақымыз мардымды емес, біліктілігімізді бағалау үшін неліктен ақша төлеуіміз керек?» деген пікір білдіріпті. Бұған не дейсіз?

– Медицина саласының қызметi кез келген елде мемлекет тарапынан қатаң реттеледі. Мұның себебін түсіндіріп жатудың қажеті болмас, әңгіме адамдардың қауіпсіздігі және денсаулығы туралы болғандықтан, медициналық қызмет сапасы әрдайым басты назарда болуы тиіс. Дәрігерлердің білімін тәуелсіз бағалау – әлемнің басым елдерінде енгізілген тәжірибе. Қазақстанда медицина қызметкерлерінің клиникалық тәжірибеге, яғни науқас емдеуге кірісу үшін міндетті түрде сертификат алу қажеттігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгіленген. Сонымен қатар сала мамандарының білімін және білігін бағалаудың тәуелсіз жүйесін қалыптастыру мәселесі 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында да қарастырылған.
Дәрігер қауымының өз біліктілігін тәуелсіз ұйымдарда растауы, жоғарыда айтып кеткендей, бүкіл әлемде қалыптаcқан тәжірибе. Бірақ оның тәртібі, төленетін ақысы да, әлбетте әр елде өзгеше. Шетелдердің көбісінде бұл қызмет түріне лицензия беріледі. Бұл үшін ақыны сол дәрігерлердің кәсіби қауымдастықтары төлейді. Есесіне, дәрігер осындай қауымдастыққа мүше болуы міндетті және ол үшін жүйелі түрде жарна төлеп тұрады. Егер маман заңға томпақ әрекетке барса, болмаса өрескел қате жіберсе, онда оның әрекеті үшін сол қауымдастық та жауап береді әрі мұндай дәрігер клиникалық тәжірибемен айналысу құқынан мүлде айырылуы мүмкін. Жалпы, клиникалық тәжірибемен айналысу үшін шетелдерде де маман көптеген дайындық сатысынан өтіп, тәжірибе жинап, біліктілігін дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана адам емдеу құқына қол жеткізе алады.

– Лицензия алу үшін емтиханнан өтуге шетелдерде қанша қаржы төлейді?

– АҚШ-та бұл шамамен 3-4 мың доллар шамасында. Канадада бірінші кезең – 980 – 1470 доллар шамасында; екінші кезең – 2350 – 3525 доллар шамасында. Ал бұл үшін төленетін ақыны салыстырар болсақ, Қазақстанда дәрігер сертификатын бес жылда бір жаңартуы тиіс. Ақысы 3 мың теңгеге жуық. Шетелде сертификаттау, категория беру деген ұғым жоқ. Онда дәрігерлер лицензия бойынша жұмыс істейді. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, лицензия алу тәртібі де әлдеқайда қатаң, оған ие болу үшін тапсырылатын емтихан ақысы бізден жүздеген, мыңдаған есе қымбат.

– Ал бізде неліктен осындай тәжірибе енгізбеске?

– Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медицина мамандарының жұмысын дифференциалды бағалау жүйесі енгізіліп, бірте-бірте бізде де лицензиялау болатынына сенімдімін. Бұл мәселе тиісті мемлекеттік бағдарламаларда да көрініс тапқан. Ал әзірге медициналық сала қызметкерлерін білімін жүйелі жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру үшін кеңестік кезеңнен қалған категория ұғымы әлі сақталып келеді. Оны алу-алмау мәселесін әр дәрігер өз еркімен шешеді. Категорияның үш түрі бар. Екінші, бірінші және жоғары. Категорияға өтуге мүдделі маман білігін растау үшін емтихан тапсырады. Оның теориялық білімі және тәжірибелік дағдылары тексеріліп, тиісті бағасы жазылған куәлік беріледі. Осы куәлік бойынша ол қосымша құжаттарын тапсырып, құзырлы мемлекеттік органнан категориясын алады. Категория үшін шамамен 11 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін ай сайынғы жалақысына үстеме төленеді. Бес жыл ішінде бұл үстемақы 690 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Есептер болсақ, бағалаушы ұйымның қызметіне төленетін пұл 5 жыл ішінде маманның үстемақы ретінде алатын табысының 1,7 пайызын құрайды. Сондықтан ақылы бағалау медицина мамандарының қалтасына ауыр тиеді деу артық болар.

– Бұрын бұл қызмет тегін көрсетіліп келген еді. Ал биылдан бастап ақылы негізге көшіріліпті. Мұның себебі неде?

– Бұрын бұл шараны министрлік құрамындағы құзырлы орган жүргізетін және де ол тест тапсыру мен әңгімелеу сынды екі кезеңнен тұратын. Бетпе-бет әңгіме жүргізу шын мәнісінде, бағалаудың әділдігіне күмән келтіретіні белгілі. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сәйкес бұл кезең мамандардың нақты білігін анықтау шарасына өзгертілді. Онда дәрігерлер мен мейірбикелер адамның ағзасындағы түрлі ауытқуларды айна-қатесіз сипаттайтын стимулятор-роботтарға көмек көрсету арқылы білігін көрсетеді. Жалпы, тәуелсіз бағалау жүйесі елімізде былтыр күшіне еніп, бәсекелі ортаға берілді. Осындай бағалауды жүргізуге ниетті ұйымдар құзырлы органға ұлттық аккредитация өтуге өтінім берді. Алайда оның ішінде кадрлық, материалдық-техникалық ресурсын дәлелдеп, аккредиттеуден өткен тек қана Біліктілікті және білімді бағалау республикалық орталығы болды. Бұл құрылым Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының құрамында жұмыс істейді. Орталық бірнеше жыл бұрын Әлемдік банк пен Қазақстан Үкіметінің арасында денсаулық сақтау саласында институттық реформа жүргізу жобасының аясында құрылған болатын. Осы уақыт ішінде орталық пилотты режимде жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жанақтады, мамандарды дайындады, Қазақстанның өзіндік бағалау жүйесін жасақтады. Әзірге медицина мамандарын бағалау құқына ие болған тек осы орталық қана. Ал болашақта мұндай ұйымдар саны арта түсетіні күмәнсіз.

– Былтыр аккредитация алғаннан кейін орталық алғашқы бағалау шарасын тегін жүргізген екен. Дәрігерлер «неліктен биыл ақылы тапсыруымыз керек?» деген сауал қоюда. Бұған не дейсіз?

– Себебі ол кезде Әлемдік банк тарапынан бұл шараға қаржы қарастырылған болатын. Ал қазір бағалау ұйымның өз есебінен жүргізіледі. Яғни ғимарат жалдаудан бастап, емтихан сұрақтарын жаңалауға, сынаққа тәуелсіз сарапшыларды тартуға, компьютерлік жүйелерге қызмет көрсетуге, жоғарыда айтып кеткен робот-манекендерді бұзылған жағдайда жөндеп, қалпына келтіруге, оларға техникалық қызмет көр-сетуге, тіпті қағаз сатып алуға да қаражат кететіні мәлім ғой. Біз бұл шығындарды есептеп көрдік, шын мәнісінде, емтихан өтуге белгіленген баға осы шығындардың құнынан аспайды.

– Медицина саласының өкілі ретінде біліктілікті растау бұл сала мамандары үшін қажет деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте қажет. Себебі дәл қазіргі жағдайда бұл саланың қызмет сапасын әлемдік деңгейге жеткізу үшін өте көп жұмыс жасауымыз керек. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін қыруар қаржы жұмсалып, көптеген жұмыс атқарылды. Бірақ медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін кадрлардың біліктілігі үлкен рөл атқарады. Сондықтан дәрігерлерді оқу орындарының қабырғасында дайындау сатысынан бастап олардың білімін, білігін тәуелсіз бағалап, кемшін тұстарын толықтырып отыру үшін осындай тәжірибе бізде де енгізіліп отыр. Меніңше, медицина саласының мамандары бұған үрке қарамай, керісінше, өзінің кәсіби деңгейін көтерудің жолы ретінде қабылдауы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!



Сұхбаттасқан
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ

https://baq.kz/kk/news/ult-sauligi/biliktilikti-aniktau-nege-akili-79274

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov