1 173

Нормативтік құқықтық актіні түсіндіру бойынша Әдістемелік нұсқаулық

Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар

Қазақстан Республикасының кодекстерi мынадай:

1) бюджеттiк;

2) азаматтық;

3) азаматтық процестік;

4) неке-отбасы;

5) экологиялық;

6) су;

7) жер;

8) орман;

9) салық;

10) кеден;

11) еңбек;

12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;

13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;

14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;

15) қылмыстық-процестік;

16) денсаулық сақтау саласындағы;

17) кәсіпкерлік саласындағы;

18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.

Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар

Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және:

1) мемлекеттік мүлік;

2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;

3) білім және ғылым;

4) азаматтық қорғау;

5) тұрғын үй қатынастары;

6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;

7) көлік;

8) рұқсаттар және хабарламалар;

9) оңалту және банкроттық;

10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы (аясындағы) өзінің сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.

Нормативтік құқықтық актілер сатысы

1. Қазақстан Республикасы Конституциясыныңжоғары заңдық күші бар.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:

1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;

2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;

3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;

4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары;

5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;

6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;

7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;

8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;

9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.

Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.

Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары осы бапта белгіленген нормативтiк құқықтық актiлер сатысынан тыс тұрады.

Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы

Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.

Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.

Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.

Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.

 

Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық нормаларының қайшылықтары

 

Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.

Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда, олар кодекстерге тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары қолданылады.

Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану тәртібі

Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.

Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, заң ұқсастығы қолданылады.

Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жеке немесе заңды тұлғалардың жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

Заңнаманың нақты салаларымен реттелетін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану мүмкіндігі тиісті заңнамалық актілермен айқындалады.

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары

Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық болып бөлiнедi.

Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ оларды дайындау бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.

Дайындау жоспарларында:

1) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейiн, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауы;

2) дайындау мерзiмдерi;

3) жобаны әзiрлеуге жауапты органдар мен ұйымдар көрсетiледi.

Егер Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасында өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.

Нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын көрсететiн басқа көрсеткiштерді де енгiзе алады.

Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

 

Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды жоспарлау

 

Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.

Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сайланымы кезеңіне қабылданады және Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиялары бөлінісінде заңнамалық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау солардың шеңберінде болжанатын заңнама салаларын (аясын) көрсетеді.

Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.

Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен келісуге енгізеді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.

Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және олар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:

1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін заң жобасының атауын;

2) заң жобасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыну мерзімдерін;

3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.

Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Парламент және оның Палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыреттеріне сәйкес айқындайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.

НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУ

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеушілер

Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша, олармен келісу бойынша – ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері бола алады.

Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.

Орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.

Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.

Өзге де органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын әзірлеуші органдардың қарауына беруге құқылы. Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.

 

Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі

 

Әзірлеуші орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, әзірлеуші орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға және ұжымдарға, оның iшiнде шетелдiктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.

Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.

Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.

Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.

Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.

Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы Заңда көзделген тәртіппен сараптама қорытындысын алу үшін заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келетін, әзірлеуші мемлекеттік органның жанынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған сараптама кеңесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуге тиіс.

Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылуы мүмкін.

Уәкілетті органдардың бір деңгейдегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда – қабылдауы мүмкін.

Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.

Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.

Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары түсіндірме жазбаларымен және оларға салыстырма кестелерімен (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына көпшілік талқылауы үшін орналастырылады.

Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына заң жобалары тұжырымдамаларының жобалары мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру және оларды көпшілік талқылауы тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша белгілейді.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

 

Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері

Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан РеспубликасыныңЗаңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.

Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жібереді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру үшін белгіленетін мерзім ол Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.

Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.

Ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде оған міндетті қосымша болып табылады.

Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, тиісті Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.

 

Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу

 

Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.

Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.

Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын әзірлеуші органға ұсынады.

Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен енгізетін заңнамалық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге жататын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.

Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген әзірлеуші органға хабарлауға тиіс.

Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісілу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауы керек.

Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.

Әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын алынған ескертулер бойынша пысықтап, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасайды.

Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобында талқылануға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтара алады.

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері

Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;

2) акт нысанына нұсқау: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; Министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктің қаулысы; әкiмнің шешiмi; тексеру комиссияның қаулысы және нормативтiк құқықтық актiнiң Заңда көзделген өзге де нысаны;

3) нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;

4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен күні;

5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;

6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;

7) нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;

8) елтаңбалы мөр.

 

Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы

Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.

Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк – қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.

Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.

Заңнамалық актiлер, әдетте, "бап" деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.

Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауында "тармақ" деген сөз жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.

Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау – бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемі жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілемелері пайдаланылуы мүмкін.

Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше "тарау", "параграф", "бөлім", "кiшi бөлiм" деген сөздермен белгiленедi.

Кодекс, әдетте, атауында "бөлiк" деген сөз жазылмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.

Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтас болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмірленуі және әрбiр бөлiміндегi кiшi бөлiмдердің нөмірленуі дербес болып табылады.

Нормативтік құқықтық актілердің тармақтарындағы (баптарындағы) тармақшаларының, баптарындағы тармақтардың, сондай-ақ жекелеген кодекстер баптарындағы бөліктердің нөмірленуі әрбір бап үшін дербес болады. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.

Заңды қабылдау мақсаттарына және оның алдында тұрған негiзгi мiндеттерге түсiндiрме беру қажет болған жағдайларда, құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiк (кiрiспе) беріледі.

Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларында жазылмайды.

Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда, онда олардың мәніне түсiндiрме беретiн бап (тармақ) болады. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс.

Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.

Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.

Пайдалануға ыңғайлы болу үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарауының параграфы мен бөлiмінiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.

Бұл талап республикалық бюджет туралы заңға және заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.

Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен – екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.

Нормативтік құқықтық актінің, оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.

Кодекстiң құрылымына мазмұн кiредi. Баптың тақырыбына өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізген кезде, сондай-ақ кодексті баптармен толықтырған немесе кодекстен баптарды алып тастаған кезде мазмұнға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет.

Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.

Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар

Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi нақты ажыратылып белгiленуге тиiс.

Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.

Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.

Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.

Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.

Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.

Заңнамалық актіде құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары, оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңнамалық акт күшіне енгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілердің қолданылу тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.

Заңнамалық актінің өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейін қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына ауысу мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.

Заңнамалық актінің қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу туралы, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану туралы, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа да мемлекеттік органдардың актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.

Белгіленген талаптар Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларына қолданылмайды.

Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.

Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін "(келісім бойынша)" деген белгі көрсетіледі.

Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.

Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.

Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.

Нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттік берілген адамдар

Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне мына лауазымды адамдар:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдарына, конституциялық заңдарына, кодекстерiне, шоғырландырылған заңдарына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына – Қазақстан Республикасының Президентi;

2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжілісінің қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы;

3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi;

4) мәслихат шешiмдерiне – мәслихат сессиясының төрағасы және мәслихат хатшысы;

5) әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне – әкім;

6) өзге де нормативтiк құқықтық актiге – оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.

Туынды түрдегi нормативтiк құқықтық актіні негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық акт арқылы қабылдаған кезде уәкiлеттік берілген адам негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiге ғана қол қояды.

 

Уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі құқықтар

Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған не таратылған жағдайда, құқықтық мирасқорға немесе таратылған уәкілетті органның функциялары берілген уәкілетті органға оның құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.

НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖАРИЯЛАУ

Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау міндеттілігі

Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы" ресми басылымдар болып табылады.

Заңнамалық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, конкурстық негізде осынд

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov