950

СЫР МЕДИЦИНАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр медицинасында серпін бар. Облыстан үш үлкен орталық – кардио, нейро, офтальмохирургиялық ашылды. Жоғарғы мамандандырылған көмек көрсету деңгейі артты. Қазір ешкім Астана мен Алматыға барып ота жасатпайды.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы саланың облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның 203-сі орындалып, тұрғындар денсаулығының 28 индикаторына қол жеткізу керек.
Соңғы үш жыл ішінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 36 нысан пайдалануға берілді. Жалпы, жыл ішінде облыстық денсаулық сақтау саласында біраз жұмыс атқарылды. Бұл жайында аталмыш басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына облыстық медицина орталығының директоры Сәбит Пазылов, жастар денсаулық сақтау орталығының директоры Жанар Қалмақова қатысты.
Аймақтың демографиялық ахуалынан бастасақ, осы уақытқа дейін 17094 нәресте дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 516 балаға азайған.
Сонымен қатар, мамандар даярлауда 3 жылдық дамыту жоспары бекітілген. Кадрларды оқыту, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін 60 млн. теңге бөлінді. Қайта даярлау курсынан 135 қажетті маман оқытылған. Соның нәтижесінде биыл неанотолог, травматолог, онколог мамандары сияқты өте қажетті кадрлардың тапшылығы жойылды.
– Медициналық қызметтің сапасы әр тұрғын үшін жыл басында денсаулық ұйымдары тарапынан халық санағы бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Оған тіркелген азаматтар саны 25760 адамға көбейді. Осыған байланысты скринингтік тексеруден өтетін адам 10 мыңға көбейді. Сонда 10 айдың қорытындысы бойынша скрининг-тексеруден өтуге жоспарланған халықтың 96,8 пайызы тексерумен қамтылып, анықталған аурулар саны 7 пайызға өсті, – деді басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова.
Оның айтуынша, Қазалы теміржол ауруханасында 15 орындық нейрореабилитациялық бөлімі бар ІІ деңгейлі инсульттық орталық ашылған. Орталық Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына да қызмет көрсетіп келеді.
– Аймағымыздағы барлық медицина ұйымдарында науқастарды қолдау қызметтері құрылды. Халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылату мен ұзын-сонар кезекті болдырмау мақсатында БМСК ұйымдарындағы тіркеу бөлімінің жұмысы оңтайландырылды. Осы жылдың ақпан айында алғаш рет Emdeu.kz бірыңғай ақпараттық платформасы құрылды. Оған қоса Call-центр қызметінің аясы кеңейе түсті. Оған бюджеттен 5 млн. теңге бөлінді. Бұл жүйе интернет, телефонды қолданып қажетті дәрігерге жазылуға немесе үйде отырып-ақ дәрігерді шақыруға мүмкіндік береді», – дейді Сырдың бас дәрігері.
Транспорттық медицинаның тиімділігі артқан. Елді мекендердегі жергілікті тұрғындарға мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында транспортық медицина жұмысы жанданған. Осы кезге дейін 125 елді мекендерге жылжымалы медициналық кешендер шығып, 30 мыңнан астам халықты қамтыған. Нәтижесінде 6894 науқас анықталып, 5145 адам сауықты. Сондай-ақ, қан айналымы ауруларын ерте сатысында анықтау жолға қойылды.
Айта кету керек, биыл облыста офтальмохирургиялық орталық ашылды. Жергілікті бюджеттен 90 млн. теңгеге жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жасалған ота санының 2 есе өсуіне септігін тигізді. Сонымен қатар, офтальмологиялық орталықта алғаш рет глаукомалық кабинет ашылып, 2000-нан астам науқас глаукомамен есепке алынып, дертіне шипасын алды. Осы жылдағы тағы бір ашылған нысан – Байқоныр қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы. Қазіргі кезде аталмыш орын жұмысын бастап кетті.
Ал, келер жылы денсаулық сақтау саласында жаңадан 34 жалпы дәрігерлік аймақ ашу жоспарлануда.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/syr-meditsinasy-damyp-keledi/

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov