838

В вирусты гепатиті

       В вирусты гепатиті

         Вирустық гепатиттің В түрі кең ауқымда тараған қауіпті инфекция. Жыл сайын дүниежүзінде тек қана ВГВ инфекциясының жедел түрімен 50 млн-ға жуық науқастар тіркеледі. Оның ішінде 600 мыңға жуығы қайтыс болады. Соңғыларының ішінен 100 мыңы инфекцияның сирек кездесетін ерекше ауыр түрінен қайтыс болады (ВГВ мутантты штамдарын бірмезгілде жұқтырған пациенттер және бірмезгілде В мен Д, В мен С вирусты гепатиттерін жұқтырған адамдар).

Бұл инфекцияны ВГВ инфекциясының жедел және созылмалы түрімен ауыратын науқастар мен тасымалдаушылардың қанымен, қынап бөліндісімен, сілекей, тер немесе көз жасымен байланысу кезінде жұқтыруы мүмкін. Бүтіндігі бұзылған тері және шырышты жамылғылар арқылы вирустың берілуі де мүмкін. Инфекцияны жиі нашақорлардың арасында егуге арналған шприцтерді жалпылама қолдануда, гомо- және гетеросексуалистермен байланысқа түсуде, шаштараздарда, косметологиялық кабинеттерде залалсыздандырылмаған құралдар арқылы, сондай-ақ күнделікті жұқтырады. Сондай-ақ, бұл вирусты гемотрансфузия кезінде инфекцияланған қан арқылы және дұрыс залалсыздандырылмаған медициналық құралдар арқылы жұқтыруы да мүмкін. Туа бітті ВГВ инфекция болашақ балаға гепатиттің В түрін жұқтырған анасынан жүктілік кезінде немесе тікелей берілу арқылы – босану кезінде, болмаса босанғаннан кейін науқас анасынан нәрестеге беріледі.

ВГВ жоғары жұқпалығымен және төзімділігімен ерекшеленеді, вирустың бұл қасиеттері қоздырғыштың жиі таралуына ықпал жасайды. Бөлме температурасында вирустың жұқпалығы қанда 3 ай, тоңазытқышта - 6 ай, мұздатылған күйінде 15-20 жыл және кептірілген қан плазмасында 25 жылға дейін сақталады. В гепатитінің жұғу жолдары АИТВ инфекциясының, С гепатитінің жұғу жолдарына ұқсас, бірақ В вирусты гепатитінің төзімділігі мен вируленттілік қасиеттері анағұрлым жоғары.

В және Д вирусты гепатиттерінің  ( ары қарай ВГВ және ВГД) арнайы алдын алу шаралары бар – ол вакцинация, оның басты мақсаты ВГВ және ВГД-ны және оның созылмалы түрлерін болдырмау.

15 жастан жоғарыларға вакцинация ВГВ-ның маркерларын диагностикалаудан кейін жүргізіледі. ВГВ-ға зерттеуде оң нәтиже алынған адамдар вакцинацияға жіберілмейді.

Иммунитет 5 жылдан 8 жылға дейін сақталады.

Инфекцияның алдын алу мақсатында қан құяр алдында реципиенттер гемотрансфузиялық инфекция маркерларына тексерілу қажет. Облыстық қан орталығында донорлық қан үлгілерін трансфузиялық инфекция маркерларына зертханалық тексеру иммунологиялық және молекулярлы-биологиялық әдіспен 100 % жабық типтегі автоматты талдауыштарда екі кезеңде жүргізіледі.

Облыстық қан орталығы төмендегідей зерттеулерді ақылы түрде жүргізеді:

1. В және С гепатитіне ИФТ;

2. ПТР- В мен С гепатитіне және АИТВ-ға сапалы талдау.

Облыстық қан орталығында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына басты назар аударылған. Сол себепті зерттеулер халықаралық стандарттарға сәйкес келетін медициналық құрал-жабдықтарда жүргізіледі. 

 

 

Инфекцияларға диагностикалау

зертханасының меңгерушісі

Л.Жұмаш 

Сайт президента Акимат Кызылординской области Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы Рухани Жаңғыру Digital Kazakhstan Egov